Басты бет > Хабар > Діндер  бір ортақ келісімге келе ала ма?

Діндер  бір ортақ келісімге келе ала ма?

Діннің әлемдік деңгейдегі адамзатқа тән ойлау жүйесінен шет қалмайтындығын қазіргі заман болмысы айқын аңғартып отыр, себебі дінсіз қоғам болмайды. Қоғамда діни сана үнемі болып келді. Дін мен қоғам бір-бірінен ажырамайтын феномендер. Өркениетті деп саналатын батыс елдерінде де, бізде де дін мемлекеттен бөлінген, бірақ, ол қоғамнан ажыратылмайды. Дін қоғамдық құбылыс, ал қоғам мемлекеттің субстанциясы. Әлемнің діни жетекшілері 2006 жылы жиылып, діндерге ортақ, адамзатқа ортақ, жалпы өркениетті қоғамға ортақ қандай мәселелр бар және де діндердегі қандай мәселелер өркениеттік жолмен қоғамдарды, елдерді, мемлекеттерді бір-біріне жақындастырады деген өзекті тақырыптар төңірегінде сөз қозғады. Адамзат баласына ортақ дүниелер көп. Біздің ойлау жүйемізде, діни жүйеде не ортақ екен? Ол ортақтық өркениетке, адамзаттың болашағына қалай қызмет етеді екен? Осы мәселелер ізгілік жолындағы адамзат баласын толғандырып отыр. Өйткені, осы кезге дейін біз бүкіл дүние жүзінің халықтарын дін-дінге бөліп, бөлектеп-бөлшектеп келдік. Тіпті өткен тарихтарға көз жүгіртсек, дін үшін қырғын соғыстардан миллиондаған адамдар опат болды, қасірет кешті. Осындай қасіретті азайтуда, не мүлдем жоюда діндер  бір ортақ келісімге келе ала ма? Ортақ келісімге келудің уақыты туды. Бүгінгі таңда әркім өзінің діни сеніміне берік бола отырып, ортақ адамзаттық келісімге келу өркениеттік сананы қажет етпек. Өркениеттік сана дегеніміз әрбір адамның өз болмысымен, дінімен, елдік санасымен бірге адамзатқа ортақ мәселелер туралы келелі сөздер айта білуі. Халықтар, елдер арасында, діндер арасында ұрыс-керіс, жанжал емес, бүгінгі бұрқ-сарқ етіп қайнап тұрған ХХI ғасырда мәдени сұхбат қажет.

Медиаон ақпарат