Басты бет > Саясат > ДЕПУТАТТАРМЕН КЕЗДЕСІП, ҰСЫНЫСТАРЫН ТЫҢДАДЫ

ДЕПУТАТТАРМЕН КЕЗДЕСІП, ҰСЫНЫСТАРЫН ТЫҢДАДЫ

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Оспанов бүгін Ордабасы ауданында болып, аудандық мәслихаттың депутаттарымен, аудан активімен кездесті. Берік Серікұлы Қазақстан Заңнамасындағы өзгерістерді кеңінен әңгімелеп, оның тиімді тұстарын түсіндірді.

Әсіресе, көпшілікті толғандырған Жер кодексіндегі оң өзгерістер, жайылымдық жер алу мәселелері, ауылшаруашылық саласын дамытудағы қолдауларды кеңінен баяндады. Аудандық мәслихаттың депутаттары Сералы Абжалов, Ғалымжан Зиябек, Замира Маханова, Бағдаулет Жұмабеков, Бақтияр Тағаев өзекті тақырыптарды қозғап, бірқатар ұсыныстар айтты. Аудан әкімі Рашид Қайыпжанов Ордабасы өлкесінің ауыл шаруашылық ахуалынан ақпарат беріп, жоспарларымен бөлісті. Аудандық мәслихат депутаттарымен бірге әлі де өңірді дамытуға күш салатындарын мәлімдеді.
Сонымен қатар, Берік Оспанов шұбарсулық кәсіпкер Нұрлан Әлімхановтың 1 гектар жерге орналасқан жылыжайына барып, жұмысымен танысты. Өткен жылдың сәуір айында іске қосылған жылыжай 20 азаматты жұмыспен қамтыған. Бүгінге дейін 70 тонна өнім жиып үлгергенін де кәсіпкер мақтанышпен жеткізді. Шығарылған өнім аудан көлемінде ғана емес, Ақтөбе облысына да жөнелтілуде. Нұрлан Әлімханов келешекте жылыжай көлемін 9 гектарға ұлғайтуды жоспарлауда. Мәжіліс депутаты кәсіпкермен әңгімелесу барысында жылыжай ісін өркендету бойынша пікір алмасты. Бүгінгі таңда еңбек етемін, кәсіп жасаймын деген адамға үлкен мүмкіндіктер берілгенін атап өтті. Шаруалардың мемлекет тарапынан қолдауын сезінуі, берілген жеңілдіктерге қол жеткізуі үшін жергілікті әкімшілік тарапынан ұйымдастырылатын жұмыстардың маңыздылығын тілге тиек етті.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.