Басты бет > Хабар > Бәйдібек ауданындағы үш елді мекен таза ауыз сумен қамтылды

Бәйдібек ауданындағы үш елді мекен таза ауыз сумен қамтылды

Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданындағы үш елді мекенге таза ауыз су келді. Жылдар бойына шешімін таппаған өзекті мәселеге республикалық және облыстық бюджеттен 525,2 миллион теңгеге жуық қаражат бөлініп, тау етегінен магистралды суаққы құрылысы салынды. Осының нәтижесінде Теректі, Қаратас, Боралдай елді мекендегі 1684 тұрғын таза ауыз суға қол жеткізді.

Магистралды суаққының іске қосылу шарасына аудан басшысы Б.Танагөзов қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісті. Сондай-ақ әкім алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобаларға тоқталып, салтанатты түрде ауыз су құбырының тетігін іске қосты.

Бөлінген қаржы есебінен магистралды суаққыдан елді мекенге дейінгі аралықта 26 шақырым су құбыры, ал ауылдың барлық көшелеріне 31 шақырымдық су жүйесі тартылды. Бұл нысандардың құрылыс жұмыстарын «НҰРАЙ ҚҰРЫЛЫС ЖОЛЫ» ЖШС-гі мен «СЕВЕР-ЮГ- УНИВЕРСАЛ» ЖШС-гі жүргізді.

Өз кезінде ауылдың төбе биі Сейіткәрім Нұржанов тұрғындар атынан жергілікті билікке алғысын айтып, бұл осында тұратын 267 отбасы үшін орасан зор қуанышты оқиға екенін жеткізді.

Жалпы аудан көлеміндегі 52 елді мекеннің бүгінгі таңға 34-і құбырлы ауызсумен қамтылған. Яғни тұрғындардың  83,4  пайызы таза ауызсуға қол жеткізген. 2018 жылы аудандағы тұрғындарды таза ауызсумен қамту мақсатында 9 елді мекенде ауыз су құрылысы жүргізілсе,   алдағы 2020-2021 жылдары ауданды толық сапалы ауыз сумен қамту жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.