Басты бет > Білім > БІРЫҢҒАЙ МЕКТЕП ФОРМАСЫ – ЗАҢДЫ ТАЛАП

БІРЫҢҒАЙ МЕКТЕП ФОРМАСЫ – ЗАҢДЫ ТАЛАП

415
views

Бұрнағы жылдары бірен-саран мектептер болмаса, бірыңғай мектеп формасы болмайтын. Соның нәтижесінде көрнекілікке фотоға түсу үшін сынып жетекшілері ала-құла киінген оқушыларына сабаққа дұрыстап киініп келуін бір күн бұрын ескертіп, алашапқын болып жататын-ды. Бай баласы мен кедей баласының айырмашылығы киімдерінен де көрініп, андағайлап, менмұндалап тұратын. Мектепке бүркеніп хиджаб киіп, тіпті никаб киіп, паранжа жамылып келетіндер де көптеп саналатын.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылы 14 қаңтарда «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» №26 бұйрығы шыққан болатын.

«Мектеп формасына түрлі конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды. Орта білім беру ұйымында кез келген діни конфессияға қатынасын білдіретін діни киімдерді (хиджаб, никаб, бурка, паранжа, сикх тюрбандары және иудей кипа-бас киімдері және т.б ) және кез келген діни атрибутикаларды (белгілерді) киюге тыйым салынған» — деп тайға таңба басқандай анық көрсетілген.

Білім және ғылым министрінің аталған бұйрығы мектеп формасын бір ізге түсіргендей көрінгенімен, хиджаб кигендер тарапынан әлде де түсініспеушілік орын алып келе жатқаны жасырын емес.

Осы орайда интернет беттерінен мектептерде оқушылардың бірыңғай формасына қойылатын талаптардың сақталуы, діни атрибутиканы қолдануға жол бермеу орындылығына қатысты сарапшы мамандардың пікірін іздеген едік. «Қамшы» ақпараттық агенттігінің порталынан төмендегі ғалым ағаларымыздың пікірін кездестірдік:

 

Досай КЕНЖЕТАЙ, теология және философия ғылымдарының докторы, профессор:

– Негізінен Қазақстандағы мектеп оқушыларына бірыңғай мектеп формасын кигізуді шарт деп есептеймін. Бұл шарттың бірнеше қабаттары бар. Біріншісі – зайырлылық. Бұл діни білім беру мен орта мектептердегі зайырлы білім беру арасындағы ұстанымдарға байланысты дүние. Мектеп – бұл мемлекеттік мекеме. Оны да ескеру қажет. Екінші қабатына тоқталар болсақ, ол әлеуметтік қабат. Азаматтар балаларын табыстарына қарай (қымбат немесе арзан) киіндіретін болса, әлеуметтік орта арасында психологиялық, әлеуметтік шектер туады. Киімдердің әртүрлілігі, олардың мүмкіндіктерінің әртүрлілігі біздің мектеп қабырғасындағы балаларымыздың арасындағы жікке алып келеді. Үшінші – діни ахуал. Бұл төзімділікке де байланысты. Бір мұсылман өзінің орамалыменен, бір христиан өздерінің діни киіміменен, бір яхуди өздерінің ритуалдық киімдеріменен немесе оның атрибуттарыменен жүретін болса, бұл жерде мемлекеттік конституциялық бірегейлікке де, дінаралық төзімділікке де қайшы мәселелер туындауы мүмкін. Бұл мәселелерді тудыратын ойлар қоғам мүшелерінің арасында мектеп қабырғасынан қаланып жатса, үлкен проблемалар осы жерден туындайды. Осыған орай, жоғарыда айтылғандарды да ескере отырып, мектептің статусына сай, оның мемлекеттік мекеме екенін ескере келе, ең басты мәселе – бұл біздің мемлекеттігіміздің негізгі ұстанымы болған зайырлылық талаптарына сай, мектеп оқушылары бірыңғай формада киініп, білім алуы керек деп есептеймін!

 

Кеңшілік ТЫШХАН, дінтанушы:

– Бірыңғай мектеп формасына көшу өте тиімді. Оның бірнеше себептері бар. Ең бірін-ші себеп, біздің елімізде әртүрлі дін өкілдері тұрады, олар әрине өз ұрпағын өз сеніміне баулиды. Осы ретте аталған мәселенің сыртқы формаға да әсер етіп жататын сәттері болатынын біз қоғамнан көріп-біліп жүрміз. Діни ерекшеліктерді пайдалану – мектеп оқушылары арасындағы діни көзқарастардың туындауына әкеліп соқтыруы мүмкін. Балалар оның мән-жайына толық жете алмауы мүмкін. Екінші мәселе – әртүрлі жағдаймен, мектеп ауыстыруы қажет болған жағдайда, бұрынғы мектеп формасын жаңа мектептің талабына сай ауыстыруға тура келеді. Осы тұста бірыңғай мектеп формасының тиімділігін көреміз. Ата-аналар артық шығындалмайтын боламыз. Бірыңғай мектеп формасына көшкенде балаларға тиімділігі жағы ерекше қарастырылатын болса, бұдан ұтарымыз көп деп ойлаймын. Ұл бала мен қыз балаға лайықты жасалған киім қоғам тарапынан ешқандай теріс пікірге алып келмейді деп ойлаймын. Тағы бір ескерілетін мәселе – дәстүр, халықтың қалыптасқан салты, имандылық пен инабаттылыққа да тән тұстар қарастырылса тіптен жақсы. Мысалы Түркменстанда бірыңғай мектеп формасында 100 пайыз ұлттық киімдері таңдалған. Әрине біздің мемлекет зайырлы, қаншама ұлт пен ұлыс ғұмыр кешіп жатқандықтан, толыққанды ұлттық нақышқа көше алмасымыз анық, десе де ұлттың ерекшеліктерін екшейтін белгілер көрініс тапса оған ешкімнің таласы бола қоймас деп ойлаймын. Барлығына ортақ бір құндылыққа, барлығымызға ортақ бір стандартқа бекігеніміз жөн болар.

Осы орайда, біз өз кезегімізде Фейсбук әлеуметтік желісінде пайдаланушылар арасында: «Мектептерде бірыңғай форманы енгізуге көзқарасыңыз қандай? Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы бұйрықта мектеп формасында діни атрибуттар қолдануға тыйым салынған. Алайда, кейбір ата-аналар: «мектепке қыздарымыз орамалсыз барғанша, оқымай-ақ қойғаны тиіс» — деп есептейтін жайттар да кездесіп жатыр. Осы мәселені қалай шешуге болады?» — деген сұрақтарды қойып, сауалнама ұйымдастырған болатынбыз. Пікірін білдіргендер саны өте көп болды. Арасынан маңызды деген жауаптарды елеп-екшеп назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік:

Абдірейім Өміров Қолдаймын.Олай ойлайтын ата-ана балдарын оқытпай ақ қойсын. Діни киім кию парыз емес. Патшаның бұйрығын орындау уəжіп.

Амина Кетебаева Бірыңғай форма дұрыс! Орамал тағып баруға қарсымын.

Бану Дос Мұғалімдерге де бір нысанды киім кию керек. Кейбір мұғалімдер омырауларын, етектерін жартылай ашып жүреді. Мектептерде киім жарысы ма деп қаласың. Қолдарының əр саусақтары алтын. Бұл баланың ойын бұзады. Ең бірінші мұғалімдерді дұрыс киіндіру керек. Орамал тағудың қажеттілігі жоқ. Форма бəріне бірдей болған дұрыс. Еркек мұғалімдерде қалай болса солай киінеді. Трикомен, қызыл, қоңыр киіммен жүре береді. Ақ көйлек, қара костюм шалбармен жүргендері дұрыс. Тəртіп мектептен басталады.

Гулжанат Жадиева Біркелкі болған дұрыс,форманың қай мектепке ауысса да,ата ана қиналмайды,мұғалімнің де біркелкі классикалық формада киінгені дұрыс,ал орамал таққанды миға сыйдыра алмаймын өз басым…

Мадина Сарбалаева Мектеп формасы дұрыс, тұмшаланып назар аудартудың қажеті жоқ. Себебі сыныптастарына әсер етеді.

Клара Нурпеисова Ең бастысы, қыз балаларға мектепке шалбар киюге тыйым салу керек. Тізеден сәл төмен етекті мектеп формасын кисін, орамал тағудың қажеті жоқ, біз мұсылман мемлекеті емеспіз, бірақ, қыздардың шашын жайып жүруіне де рұқсат берілмесе. Орамалды ертең кәмелеттік жасқа толғанда тағу-тақпауды өзі шешеді.

Әділет Ыбырай Мектепте бір форма дұрыс. Бірақ қоғамда мəселе тумас үшін кигісі келгендерге қыздардың басын жабатын орамалды да сол формаға реттеп кіргізу керек. Таққысы келген тағады, тақпайтынға зорлық жоқ.

Анар Талгаткызы Бір ыңғай форма болғанды дұрыс деп қабылдаймын. Дүниесі бардың баласы жасыл, дүниесі жоқтың баласы ақ киіп, баланың психологиясын өзгерткенше бір ыңғай форма болғаны дұрыс.

Ал, осы бір теріс ағым деген қазаққа келген дерт болды ау. Біз шырылдағанмен олар да алпауыт күш бар екендігін сезгендейміз. Сондықтан қатаң тәртіп керек.

Рая Болатова Балам орыс қазақ мектепте оқыған болатын, ол кезде формаға онша көңіл бермейтін. Мектеп емес дом модельге келдім ба деп ойлайтынмын. Біркелкі форма киген дұрыс. Қазір мұғалімдерге де форма кигізу керек. Қызыл, жасыл болып жүрмей, ал орамал тартып жүргенге қарсымын.

Қайнар Толқынұлы Əр оқушы өз қалағанын киюі керек… Түрмедегілер сияқты бір формамен жүргенін қабылдай алмаймын…

Еркин Ондыбаев Қыз бала белдемшесі тізеден жоғары болмау керек.

Жакипбек Бейсембеков: Еліміздегі бүкіл мектеп (әр мектептің өз қалауымен емес) оқушыларының ұлттық менталитетімізге орайластырып бекітілген бір текті киім кигені дұрыс болады, сонымен қатар мектеп оқытушыларының да қатаң арнайы униформа пайдаланғандары дұрыс болар еді. Бұл мектепте оқушы мен оқытушының ара салмағын, қатынасын айқындап, ерекшелеп, оқушының ұстазын қадірлеуге деген санасын оятар еді. Мектепте хиджаб, орамал сияқты киімдер пайдалану дұрыс емес, ол оқушылардың көңілін бөледі, оқушылар арасында бөлінушілік жіктер пайда болады. Ал балаларын солай киіндіруді қалайтын ата-аналар балаларын оқытпаймын деп қорқытудың орнына БжҒ министрлігінен мешіттердің жанынан діни семинарияларын ашуды талап етсін-дағы балаларын сол жерде оқытсын. Ол семинариялар — Дін басқармасының қатаң бақылауында болсын.

Мұхит Тастан Орамал парыз емес деген адам қателеседі. Орамал парыз. Ал парыз уәжіптен жоғары. Уәжіп екінші орында тұрады. Орамал назар аудартады деген де жәй сылтау. Назар орамалға емес кеуде мен санға ауады көбінесе. Орамал деген еш зияны жоқ. Жинақы тігілген форманың үстіне жинақы етіп тартып алса болды.

Серік Өміртай Негізі бұл болады, болмайды, жақсы, жаман, ұнайды ұнамайды деуге келетін мəселе емес еді. Бұндайға жеткізген біздің қоғамдағы жүйесіздік. Бассыз баусыздық. Қоғам қай бағытта неге бағытталса, мектеп жасынан баланы соған бейімдейді. Соған қарағанда мектепте біріккен тəртіп болуы керек. Халық қоғамдық тəртіпке бағындыру керек. Бағындыра алмаса əр түрлі көзқарастағы, əр түрлі бағыттағы, Кім ықпалды болса соның жетегінде жүретін азаматтар өсіп шығады. Қазіргі ұлттық ауызбіршіліктің жоқтығы да осының салдары. Бір бағыт, тұрақты идеология жоқ. Кім келіп балалардың таза жүрегіне не ексе сонымен кетіп жатыр.

Қанатов Бақтығұл Қоғамдық ұйым төрағасы ретінде айтарым: біріңғай форма міндетті түрде керек, тек ол форма барлық ата-аналарға қолжетімді (доступный) болуы керек. Екінші ол үлкен мәселе, (религия) бұл жерде олардың да мектеп оқушысына сай өз формалары болуы керек, орамал т.б. сияқты. Мүмкін бөлек мектеп, оқу орыны немесе бөлек сынып ашылуы керек шығар.. Ал бет-аузын тұмшалап алуға түбегейлі қарсымын!

 

P.S. Қорыта айтқанда, бірыңғай мектеп формасына көшу тиімді. Бүгінгідей, сыртқы форманың ішкі нәзік мәселелерге әсері орасан болып отырған жағдайда, әлеуметтік теңсіздік, діни пікір мен азаматтық пікірдің саналуандығы орын алып, рух таразысының теңселіп тұрған уақытында қай істе де біркелкілік пен бірыңғайлылық қажет-ақ!

Өз кезегімізде айтарымыз, Қазақстанда орта білім алу еліміздегі азаматтардың конституциялық міндеті болып табылады.

Ата-аналардың балаларын мектепке жібермеу туралы мұндай шешімдері құқыққа қайшы екендігін айтпай кетуге болмайды, өйткені Дін туралы Заңның 3 бабында ешкiмнiң де өз дiни нанымдарын себеп қылып ҚР Конституциясы мен заңдарында көрсетілген мiндеттерiн атқарудан бас тартуға құқығы жоқ екендігі көрсетілген.

Хиджаб қазақтың дәстүрлі киімі болып саналмайды. Бұл – арабтардың өмір сүріп жатқан жерінің табиғат шарттарына байланысты мәдениеті мен дәстүріне негізделген, араб киімі.

Бәрімізге белгілі, қазақ халқының терең әрі бай дәстүрі мен тарихы бар. Қазақтар әрқашан да өз қыздарының құқықтарына шектеу қоймай, еркін өсірген. Бозбалалармен бірге олар ұлттық ойындарға қатысып, музыкалық аспаптарда ойнаған, атқа мінген және т.б.

Қазақ қыздарының бас киімі, киімдерінің бір бөлшегі ғана болмай, отбасылық жағдайын да көрсеткен.

Мысалы, белгілі бір жасқа келгенге дейін жас қыздар «тақия», яғни ұлттық нақыштармен әшекейленген бас киімдер, сонымен қатар «бөрік» жүннен жасалған құрсама киген. Келіндер болса, құс қанаттарымен әшекейленген бас киім «сәукеле» киген. «Сәукеле» бойжеткеннің жасауында тұрмысқа шығардан бұрын жасалатын міндетті зат болып табылады. Келін сәукелені некелескен күнінен бастап киіп жүретін болған.

Бала туғаннан кейін әйелдер «кимешек» киген. Бұл әйелдердің өмір соңына дейін киетін бас киімі болған.

Күнделікті өмірде қазақ қыздары ешқашан бетін жабатын киім киген емес. Ол дәуірде қазақ қоғамында «Хиджаб» ұғымы болған емес.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев, 2011 жылы іс сапармен ежелгі Түркістан қаласына барғанында бұл мәселе жайында өз көзқарасын айтқан болатын. Өз сөзінде ол: «Мен әрқашан орамал мен паранжаға қарсымын. Біздің әйелдеріміз ешқашан бұларды киіп бетін бүркемеген… Бізге жабысқан діннен шынайы діннің айырмашылығын ажыратып алғанымыз жөн», — деген еді.

Жинақтаған Сағындық ЖАНЫСБАЕВ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *