Басты бет > Құқық > БІЛІМ, ТӘРБИЕ ЖОЛЫ – ҰЗАҚ ЖОЛ

БІЛІМ, ТӘРБИЕ ЖОЛЫ – ҰЗАҚ ЖОЛ

20
views

Кез келген маман иесінің құзырлығына баға берерде «Мұғалім кім болған екен» деп жатамыз. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген халық даналығында да осы бір қасиетті мамандық иесінің ұрпақ тәрбиесіндегі алар ерекше орнын аңғару қиын емес.

Кешегі болған бөбектен Адам деген жаратылысты тәрбиелеп шығудан абыройлы іс жоқ шығар. Бұл ойымызға ұлы жазушы С.Мұқановтың:

Мұғалім! Бұл адамның ардақты аты

Білімділік бір биікке шығар саты.

Ең алғаш басталады сол адамнан

Сүйеді сондықтан да жақын, жаты – деген өлең жолдары дәлел бола алады.

Тәуелсіз еліміздің мемлекеттігін нығайту өлшеусіз үлес қосып жүрген, республикамыздың білім беру жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалардың табыстары мен жетістіктері үшін өздерінің кәсіби шеберлігін, патриоттық пен имандылығын арнаған мұғалімдер қауымының бүгінгі педагогикалық оқулары тарландарды танытатын, болашаққа бағдар беретін игілікті іс-шара.

Білім қызметкерлерінің I құрылтайында Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушыларын мұғалімдер қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады» – деген еді. Иә, бұл сөздерде қарапайым мектеп мұғалімдеріне бүтін бір елдің болашағына жол салар, жас ұрпағын нұрлы аспанға көз тіктіріп, ұлы армандарға қанаттандырар құдірет иесіне деген үлкен сенім, жауапкершілік жатыр.

Білім беруді дамытудың 2001-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында “Қазақстандағы білім беру реформасының ортақ мақсаты білім беру жүйесінің жаңа әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімделуі болып табылады” – делінген. Қазіргі уақытта қоғамның дамуына байланысты оқушыларға білім беру, оларды тәрбиелеу және дамыту міндеттері барған сайын күрделеніп бара жатыр. Басты міндеттің бірі: орта мектепті бітірген оқушы өмірге белсене араласып, ғылымның шапшаң дамуына ілесуі қажет. Ашылған жаңалықтарды өз бетінше оқып үйреніп, оларды өз ісіне жаратуы керек. Жеке тұлғаның дамуының, мәдениетаралық алмасулар, әр оқушы пікірін еркін айта алуы, жаңашыл жобаларды, шығармашылық ойларды іс жүзінде қолдана білу керек. Барлық пәндер бойынша оқытудың басты мақсаты оқушыға белгілі бір білім туралы түсінік беру ғана емес, оны бақылауға, ойлауға үйрету маңызды. Білімді терең де жүйелі меңгертуге септігін тигізетін оқуға ынталылық, пәнге деген қызығушылық, ата-анасы алдында, достарының алдында жауапкершілікті сезіну, қажеттілікті ұғыну, білімнің мәнін, қажеттілігін түсіну. Алған білімдерін тиісті жағдайда қолдана білу, талапты оқушылардың дамуына ықпал етеді. Сабақтың негізгі мақсаты мәтінмен жұмыс жасай білу болса, оның ерекшеліктері мұғалімнің басты қаруы – сөз арқылы оқушы жүрегіне ықпал ету, әсерлендіру, пәнге қызықтыру, логикалық ойлау қабілеттерін дамыту. Сонымен қатар оқушылар мектеп қабырғасында жүріп-ақ әлемдік құрылым қалыптасуының негізгі ғылыми ұстанымдарын, ойлаудың әдіс-тәсілдерін меңгеруі қажет.

Білім сапасы – мұғалімдер қызметінің сапасы. Оқушыларға нені үйрету керек екенін мемлекеттік стандарттар, бағдарламалар белгілейді. Ал, «қалай оқыту керек?» деген сауалға жауапты тек мұғалімнің кәсіби даярлығынан, өз ісін жоспарлай, өзінің нақты мақсаттарын болжап, көре алуын, баланың әрекетін ұйымдастыра білетін шеберлігінен іздеу керек.

Қазақтың XX ғасырдың белгілі ағартушысы Ж.Аймауытов «Қазіргі қазақ мектебіне қажеттісі –тек білім беруші мұғалім ғана емес, баланы өмір сүруге үйретуші ұстаз!» – деген еді. Ал А.Байтұрсынов “ Қазақ газетінде ” (1914 ж.), «Мектеп керектері» деген мақаласында: “… Ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар оқыта білетін мұғалім ” – деген екен. Бұл сөздердің бүгінгі күні де мәні өте жоғары. XXI ғасыр ғылым мен білімнің қарыштап дамыған ғасыры болады деп күтілуде. Сондықтан бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәліметтер беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, қатаң бәсеке жағдайында өмір сүріп, еңбек етуге дайындайды. Бұл істе нәтижеге қол жеткізу мұғалімнің өзінің жан-жақты білімдарлығымен, тұтас дүниетанымының болуымен, ой-өрісінің кеңдігімен тікелей байланысты. Өз пәнінің шеңберінде қалып қойған мұғалім балаға білім, тәрбие берудегі биік мақсаттарға жете алмайтыны анық. «Сабақ беру – үйреншікті, жай шеберлік емес, ол – үнемі жаңаны табатын өнер» – деген Ж.Аймауытовтың тағы бір сөзін келтіре отырып, қазіргі мұғалім бейнесін бедерлей түсетін ұстаз шығармашылығына тоқталғым келеді. Әр оқушының бойындағы бар шығармашылық көздерін ашу, жаңалық деген ұмтылыстарына дем беріп отыру арқылы біз өзіміздің қоғамдағы негізгі миссиямыз – адамзат баласын жаңа сапаға көтеруді табысты шеше аламыз.

Мұғалім кәсіби шығармашылық деңгейге өзінің жаңашылдығы, өз ісіне сергек қарауы, өзін-өзі өзгерте, іске қоса алуы арқылы қол жеткізеді. Әсіресе оқытудың жаңа технологияларын меңгеру, оны күнделікті әрекетте қолдану жаңашылдыққа жақындатары сөзсіз. Технология қолданылған сабақ ескі мен жаңаның арасындағы байланыс негізінде құрылады. Өйткені жаңа білім ешқайдан келмейді, оның қандай да болмасын бір белгісі өткен білімнен туындайды. Мұндай сабақтарды мұғалім оқушының шығармашылық қабілеттерін жетілдіре отырып, өзінің де ішкі күш-қуатын дамытуға мүмкіндік алады.

Мұғалімдік мамандық – адамтану, адамның күрделі де қызықты, шытырманы мол рухани жан дүниесіне үңілу, баланы түсіну. Мұнсыз дамыта оқыту мүмкін емес. Бұдан бүгінгі мұғалімді айшықтайтын тағы бір сапа – оның психологиялық білімінің тереңдігі мәселесі туындайды.

Баланы түсіну дегеніміз – олардың позициясында болу, сезімдерін бағалап, әрекетін, ісін елеулі түрде қабылдау, ілтипат көрсету. Баланың көңіл құбылысын, жүрек тебіренісін, сезімі мен талпынысын түсінген мұғалім баянды тәрбиеге ие болып, білімді жетістікке қол жеткізеді. Оқытудың оқушылардың ішкі күштері мен потенциалдық мүмкіндіктерін жандандыратындай, олардың дамуын жеделдететіндей етіп ұйымдастыру үшін де психологиялық білім қажет. Осы орайда соңғы уақыттары мектеп психологы, әлеуметтік психолог мамандарының қайта қызмет жасай бастауы көп мәселені шешеді деп ойлаймын.

Мұғалім кәсіби педагогикалық шығармашылық деңгейге өзінің ішкі ой белсенділігі мен ізденуі арқылы жететіні белгілі. Білім беру саласындағы инновациялық үрдістердің күрделілігі мен қайшылықтары жаңа құбылыстармен әрекеттесу және жалпы орта білімді ізгілендірудің сапалы кезеңіне қатысуы үшін мұғалімнің зерттеушілік мәдениетін қалыптастыру өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Педагогикалық процестің субьектісі ретінде ол мектептегі барлық өзгерістердің негізгі кейіпкері. Бұл одан тұрақты ізденісті, ғылымның жетістігін тәжірибеде тиімді пайдалануды қажет етеді. Кәсіби педагогикалық іс-әрекеттегі танымдық үрдістердің дамуы, педагогикалық –психологиялық, әдістемелік әдебиеттерді талдап, зерттеп отыру –ғылымға бағытталудың негізгі факторы.

Педагогтардың жеке тұлғасын дамытып, бейнесін сомдауға үздіксіз білімнің алар орны ерекше. Ғылым жетістіктеріне негізделген, тәжірибемен толықтырылған мұғалімдердің нақты талап-мүдделеріне жауап беретін, жаңаша ұйымдастырылған әртүрлі деңгейдегі әдістемелік жұмыстар мұғалімдерді кәсіби дамуға, жаңаша ойлауға, өзін-өзі іске қосып, еңбегінен қанағат табуға ынталандырады.

Білім берудің қай түрі болмасын –тәрбие. Бүгінгі күні білім мен тәрбиенің біртұтастығын сақтауда әлі де нақты шешім табылмай, негізгі жолдары айқындалмай отырған жағдайлардың орын алып отырғанын ескеруіміз керек. Тәрбие басы – тал бесік» деп қазақ халқымыз бекер айтпаған. Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Әл-Фараби атамыз айтқандай «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, апаты», халқымыз қашанда бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Сәби дүниеге келгеннен бастап, оның ойлы, дене бітімінің дұрыс қалыптасуына, ақыл-ойының жетілуіне назар аударған. Шыр етіп туған күннен бастап, тәрбиенің негізін қалаған халық, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген. Сәбидің жүріп, сөйлей бастағаннан әдепке, мәдениетке баулу, жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге тәрбиелеу отбасынан басталар мақсатты, халықтық педагогиканың даналығы. Балаға үнемі әдептілік тәрбиесін беру арқылы оларды дұрыс жолға бағыттау – өмір заңы.

Халықта «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиеле, өз ұлтының тәрбиесімен тәрбиеле» деген мақал бар. Жан-жақты мәдениетті тұлғаны тәрбиелеу отбасынан басталады. Қазақ халқы балаға тәрбие берудің өзіндік әдет-ғұрып дәстүрлерін жинақтады. Әділдік, адалдық, имандылық, адамгершілік, бауырмалдық, шыдамдылық, парасаттылық, қамқорлық, кеңпейілділік. т.б. адамның рухани-моральдық нормаларын бала жанына сіңіре білді. Тәрбие саласындағы қордаланған мәселелердің қатарында өскелең ұрпақ тәрбиесіне тигізер қоғам мен мектеп байланысының ықпалы ерекше ден қояр мәселелердің бірі.

Әдетте жиі қолданып жүретін «қоғам мен мектеп» байланысы деген сөз тіркестерінің астарында – отбасы, баланың денсаулығы мен әлеуметтік ахуалы, оның өз өмірінде басшылыққа алатын адамгершілік құндылықтары жатыр.

Мұғалім кәсібінің мән–мағынасы елеулі өзгерген шақта, жаңа тұрпатты педагог педагогикалық процестің бірізділігін және оқу мен тәрбиенің біртұтастығын сақтай отырып, оқыту модулін жобалай білуі шарт. Жаңа кезеңдегі мұғалімнің шығармашылық іс-әрекетінің зерттеушілік қызметтен, жеке ізденістерден, оқушы мен ата-анамен тығыз ынтымақтастықта тұрады.

Ахмет Байтұрсынов кезінде «Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді» демекші, әрбір педагог әрбір баланың ойынан шығып, қажеттілігін қанағаттандыра білуге дайын болуы тиіс. Өйткені қазіргі мектеп жасындағы балалар қай сыныпта оқыса да, қай жаста болса да өзінің кім болатынын, қандай адам болатынын армандайтын және өмірден өз орнын табуды басты мақсат деп санайды, сондай– ақ өзінің айналасына дұрыс бағдар беретін ақыл-кеңес күтеді

Сондықтан оқушының рухани өсуіне жағдай туғыза алатын, жаңалықтарды қабылдауға даяр, өз әрекетіне өзгеріс енгізе алатын педагогтар ғана бүгінгі қоғамның мүддесі мен әр баланың үдесінен шыға алады. Ойы жүйрік, ақылы жетік, бәсекеге қабілетті, өзгерістерге бейім жеке тұлғаны тек қана жаңа тұрпатты педагог қалыптастыра алады.

Баланың шығармашылық қабілетін қалыптастыру, дамыту бағытындағы іс-әрекетке көшу – заман талабы. Шығармашылық – бұл адамның өмір шындығында өзін-өзі тануға ұмтылуы, ізденуі, өмірден дұрыс ой түйіп, өздігінен сапалы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйрену қажет.  Ұлы педагог Я.А.Коменский «Мұғалім – мәңгі нұрдың қызметшісі, ол барлық ой мен қимыл-әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесі» деп ұстаздың еңбегіне ерекше баға беріп, үнемі ізденісте, шығармашылық әрекетте болатын, жалындап жүретін тұлға екенін айтқан. Ал, шығармашыл мұғалімнің шәкірті де шығармашыл болуы керек. Дарынды балаға дарынды ұстаз қажет. Олай болса, оған білімнің нұрын құйып, шығармашылық ынтымақтастықта әрекет етсе, шығармашыл дарынды тұлға шығары сөзсіз. Ел ертеңі бүгіннен басталатынын терең түсінген дана халқымыз ежелден «Бала – өмір жалғасы» деп біліп бала тәрбиесін жақсы көңіл бөлген. Егеменді еліміздің тірегі – білімді ұрпақ. Болашақта еліміздің мәртебесін көкке көтеріп, экономикасы мен ішкі және сыртқы саясатын дамытатын да бүгінгі жас ұрпақ.

Білім, тәрбие жолы – ұзақ жол. Мұғалімнің қателігі қоғам үшін өте қауіпті, ал,керісінше, оның нәтижелі еңбегі бүкіл ұлттың, Отанымыздың, өркениеттің тағдыры, оның ізгілікті істері ұзақ жылдар жемісін берері сөзсіз. XXI ғасыр – бәсеке ғасыры, олай болса, кемелденген азаматтарды тәрбиелеудегі біліміміз бен білігімізді, қажыр-қайратымызды «Ұстаз» деген атқа лайықты қызмет ете берейік.

Қаламқас СЕЙІТОВА,

Сарыағаш ауданы,

№20 Амангелді атындағы жалпы орта мектебінің оқу ісі меңгерушісі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *