Басты бет > Хабар > «БІЛІМ БЕРУДІҢ МАЗМҰНЫН ЖАҢАРТУ: БОЛАШАҚҚА БАҒЫТ»

«БІЛІМ БЕРУДІҢ МАЗМҰНЫН ЖАҢАРТУ: БОЛАШАҚҚА БАҒЫТ»

180
views

Мемлекетіміз қашан да білім мен тәрбие беру мәселесіне ерекше маңыз беріп келеді. Оның нақты дәлелі – Елбасымыз белгілеген «100 нақты қадам» бағдарламасы. Аталған Ұлт жоспарының әрбір жолының мазмұнында «Біздің ел, біздің ұлт, біздің болашақ» атты жасампаз бағдар айқын көрініс тапқан. Ендеше, білім беру жүйесі жаңартылады. Яғни, білім – әлемдік, тәрбие ұлттық деңгейде болуы тиіс. Бұл ретте ұстаздар қауымына жүктелер міндет жүгі де ауыр екендігі анық.

Бүгінгі білім саласындағы «Жаңартылған оқу бағдарламасы» қоғамдағы кез келген ата-ананың көкейінде «бұл бізге не береді?» деген сауалдың болуы заңды. Қолданыстағы білім мазмұнымен салыстырып көретін болсақ, мәселен, қолданыстағы білім «мектепте нені оқытады?» деген сұрақ аясында болып, баланың теориялық біліміне, яғни, бала біледі және түсінеді дегенге бағытталған. Ал, қазіргі жаңартылған білім мазмұны «мектепте не үшін оқу керек?» деген сұрақ аясында болып, білім мазмұны күтілетін нәтижеге және баланың бойындағы түрлі дағдыларды қалыптастыруға бағытталады.

Қыркүйек айынан бастап 1-сынып сабақтарына ену барысында, мұғалімдердің оқушыларға бағдарламадағы оқу мақсаттарын игертуге қарқынды жұмыс жасап жатқанын білеміз. Кездесіп жатқан кедергілер де аз емес. Бұл бағдарламаның дәстүрлі бағдарламадан ерекшелігі – пәндер бойынша ортақ тақырыптардың болуы. Оқу мақсаттарының белгіленіп беріліп, сол мақсаттар бойынша оқушылардың оқу жетістігін «жетті», «талпынды» деп бағалау жүргізіледі. Бұл бағдарлама бойынша жетістіктермен қатар, жекелеген пәндер бойынша қиындықтар да кездесті. Атап айтсақ, ағылшын тілі, орыс тілі пәндерінен кезекші сөздерін қолдануда қалыптастырушы ортаның жоқтығынан оқушыларда тілге төселу баяулық танытуда. Әйтсе де пән мұғалімдерінің шеберлігімен оқушыларға жеке жұмыстар жүргізіліп, оларды алға жылжыту үшін саралау жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар білім беру мазмұнын жаңарту бағдарламасы «Мәңгілік ел» құндылықтарына негізделген. Былайша айтқанда, қазақстандық патриотизм, азаматтық жауапкершілік, еңбек, шығармашылық деген сөз.

«Мәңгілік ел» идеясының негізі пәндерді оқыту барысында оқулықтарға, сондай-ақ сабақтан тыс тәрбие жұмыстарына да қосылатынын да атап өтуге болады. Аталмыш бағдарламаның мәні баланың функционалды сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірде қажетті пайдасына асыра білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі — «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған.

Осы мақсатта Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы М.Махановтың бастамасымен жаңа жұмысқа тың серпін беретін аудандағы тәжірибелі мектеп басшылары мен орынбасарларынан құрылған «Жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу орталығы» жаңа оқу жылынан өз жұмысын бастап та жіберді.

Аудан бойынша барлық мектептер географиялық орналасу жағдайына қарай 14 ресурстық орталықтарға шоғырландырылды. Әр ресурстық орталыққа қарасты мектептерге, сол мектептің көшбасшылары жетекшілік жасап, жауапты әдіскерге бекітілді. Бұл туралы басылым беттерінде жазылып, алқалы жиындарда атқарылған жұмыстарына талдау жасалынды.

Алайда, ағарту саласындағы әріптестердің арасында қалыптасқан ұстаным мен көзқарастарды өзгертуде көптеген кедергілер кездесіп отырды. Атап айтқанда;

— мектептің қысқа мерзімді даму жоспарын бірлесе жоспарлауда;

— деңгейлік курстан өткен мұғалімдердің оқу-тәрбие саласы бойынша тәлімгерлік жасауда;

— мектептерде құрылған шығармашылық топ жұмыстарының нәтижеге бағытталмауы;

— кәсіби біліктілігі жоғары мұғалімдерден құрылған мобильді топтардың тәжірибе алмасу жұмыстарының керібайланысы өз деңгейінде жинақталмауы;

Орталық жетекшісі У.Ахметова бастаған әдіскерлер зерттеу-зерделеу барысында анықталған кедергілерді жою мақсатында тың жобалар мен нәтижеге бағытталған жоспарлар дайындап, мектеп көшбасшыларынан ай сайын керібайланыс алып отырды. Бастапқыда мектеп көшбасшылары өздерінің таныстырылым жасау барысында атқарған жұмыстарын жинақтауда, мониторингтік сараптама жасауда қиындықтар туындағанын жасырмай ортаға салды. Нәтижесінде өзге аймақтағы әріптестерінің мазмұнды жұмыстарын көре отырып, тәжірибе алмасты, ой бөлісті, ең бастысы алдағы жұмыстарына жүйелі бағыт-бағдар жасау түсінігі қалыптасты.

Мектеп көшбасшыларының жасаған керібайланыстарынан түйген ойымыз, жаңа бағдарламаны білім жүйесіне енгізу барысындағы өзгерістер: бағалау жүйесінде, сабақ жоспарының құрылымы, әр сабақта әртүрлі стратегияларды қолдана отырып, сабақтың сапасын арттыруға болатынын, оқушылардың мүмкіндіктерін шектемеуге, керісінше зерттеп-зерделеуге мүмкіндіктер беру керектігін білді. Сұрақ қою, білім беру спираль бойымен жеңілден күрделіге қарай өсетінін, тапсырмаларды оқушылардың өздері орындайтындай етіп жоспарлауды үйренді. Ең бастысы, оқушының бойында тірі табиғатқа, заттардың қасиеттеріне, жер және ғарыш, табиғат физикасына деген қызығушылықтары шығармашылық, зерттеу жұмыстарының нәтижесінде артатынын түсінді.

Мектеп көшбасшыларының жүргізген нәтижелі іс-тәжірибелерін насихаттау жұмыстары да назардан тыс қалмады. Жаңартылған бағдарлама жаңашыл ой тудырады десек, жаңашылдыққа жаны құмар көшбасшылардың мұғалімнің кәсіби біліктілігін артырудағы нәтижелі жұмыстары жинақталып, тарату мақсатында семинарлар, шеберлік сабақтары мен ғылыми әдістемелік конференциялар ұйымдастырылып өткізілді.

Атап айтар болсақ; №11 ресурстық орталықтың жетекшісі М.Жолдасовтың «Нысаналы сыныпта зерттеу сабақтарын жүргізу арқылы анықталған кедергілерді жою», №2 ресурстық орталық жетекшісі А.Айтбаеваның «Мектептің даму жоспарын жүйелі құру арқылы мақсатты нәтижеге қол жеткізу», №9 ресурстық орталық жетекшісі У.Қожагелдиеваның «Бірлескен іс – әрекеттерді ұйымдастыру арқылы мұғалімнің кәсіби біліктілігін көтеру», №141 жалпы орта мектебінің директоры С.Рысбаевтың «Мәңгілік ел» идеясын іске асыруда «Ата-аналар қоғамдастығын құру арқылы нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізу», №1 ресурстық орталық жетекшісі З.Надировтың «Мектепте пәндер бойынша кездескен кедергілерді шешудегі мобильді топтың ролі» мазмұнында жүргізіп жатқан нәтижелі жұмыстары зерттеліп, аудан көлемінде насихатталды.

Жалпы қорыта айтқанда, аталған бағдарламаға сәйкес алынған тәсілдерді сабақта тиімді қолданысқа енгізсеңіз, баланың танымдық белсенділігін арттыруға, өз бетінше білім алуға, шығармашылығын қалыптастыруға ықпал етеді, оқушылар оқудың қызықты жеңіл өтетіндігін, ұжымда бірлесіп жұмыс жасауға үйрететіндігін, білімнің тереңдігі, әрі тиянақтылығы артатындығын баяндайды. Яғни, оқушы өз ой-пікірін ашық еркін айтады, бір-бірін тыңдауға үйренеді сыныпта ынтымақтастық атмосферасы қалыптасады. Сондықтан барлық пәндердің де осындай оқыту формасымен оқытылса, тиімді болатындығын айтуға болады. Осы бағдарламаны меңгергенде ғана жан-жақты дамыған, болашағы айқын, бағдары анық, бәсекеге қабілетті рухани бай тұлға қалыптастыра алатынымызға сеніміміз мол.

Нұрғали БАРАТОВ,

Сарыағаш аудандық білім бөлімінің әдіскері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *