Басты бет > Саясат > Биыл төтенше жағдайлар мен олардан зардап шегушілер саны едәуір азайған

Биыл төтенше жағдайлар мен олардан зардап шегушілер саны едәуір азайған

Оңтүстік Қазақстан облысында 2017 жылы тіркелген өрт былтырғы жылға қарағанда 22,4 пайызға, ал өрттен зардап шеккендер саны 50 және қайтыс болған азаматтардың көрсеткіші 33,3 пайызға төмендеген. Бұл көрсеткіш алдын алу шараларының ұдайы жүргізілгендігінің нәтижесінде болып отыр. Бүгін бұл туралы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерғали Бахаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, тіркелген өрт оқиғасының жалпы көрсеткішінің 60 пайыздан астамы мемлекеттік өрт бақылау қызметімен бақыланбайтын тұрғын үй секторларында орын алып келеді.

Сонымен қатар, қыс мезгіліндегі төтенше жағдайларға дайындық кезінде облыс көлеміндегі республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға қызмет көрсететін жол техникаларының дайындығы пысықталған.

«Жалпы облыс бойынша 7 асу, 11 жылыту бекеті бар. Олардың дайындығын қызметкерлеріміз жол қызметінің өкілдерімен бірлесіп бақылауға алып отыр. Бұл бекеттер толығымен төсек орындарымен және көмірмен қамтамасыз етілген. Облыстық маңызы бар жолдарға қызмет көрсету үшін 138 арнайы техника дайын тұр. Айта кетерлігі, қауіпті жолдардың төрт бағытына облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің жоғары өтімді 63 техникасы бекітілген», – деді Ерғали Жарасбекұлы.

Бұдан бөлек, Жаңа жыл мерекесіне орай дайындық жұмыстары пысықталды. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Бақытжан Запаров облыс тұрғындарына пиротехникалық заттарды қолдануда сақтық шараларын ескеру керектігін жеткізді.

Қазіргі таңда Жаңа жыл мерекесін өткізетін облыс аумағында жалпы 1500-ге жуық орын белгіленген. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мерекелік іс-шаралар өткізілетін орындарда өрт қауіпсіздігін сақтау жұмыстарын жүргізіп, кезекшілік ұйымдастыруда.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.