Басты бет > Саясат > Биыл оңтүстіктен солтүстікке 665 отбасыны көшіру жоспарланған

Биыл оңтүстіктен солтүстікке 665 отбасыны көшіру жоспарланған

36
views

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Шымкент қаласы мен Сайрам ауданында ішкі көші-қон және қоныстандыру мәселесіне байланысты жәрмеңке өткізілді. Онда өзге өңірлерден келген делегаттар бос жұмыс орындарын ұсынып, оңтүстікқазақстандықтарды еліміздің солтүстік аймақтарына қоныс аударуға шақырды.

Ондағы мақсат – Елбасының тапсырмасына сәйкес еліміздегі ішкі көші-қон процестерін реттеу және еңбек ресурстарының теңгерімділігін арттыру, халықты біркелкі жайғастыру, еңбек күші мол аймақтан, еңбек күші жетіспейтін өңірлерге халықты өз еріктерімен қоныстандыру.

Шара барысында Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген қонақтар халыққа жүздеген бос жұмыс орындарын ұсынды. Олардың қатарында мемлекеттік қызметтен бастап білім, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік салалар бар. Сондай-ақ, жеке кәсіп ашып, бизнеспен айналысқысы келетін азаматтарға мемлекет тарапынан тұрғын үй, жер, әлеуметтік пакет беріліп, әкімдіктің тұрақты бақылауында болатыны айтылды.

Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы М.Отаршиев өз сөзінде атқарылып жатқан шараларды тұрғындар оң бағалап, нәтижесінде қоныс аударатындардың қатары артып келе жатқанын айтты.

«Халқы тығыз орналасқан аудандарда жүргізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде аталған облыстарға көшуге ниет білдіргендер баршылық. Мәселен, 2015-2017 жылдары 1392 мүшесі бар 347 отбасы солтүстік өңірдерге қоныс аударды. Көшіп барған әрбір жанұяның кемінде бір адамы жұмыспен қамтылып, түрлі салада жемісті жұмыстар атқарып келеді. Ал, биыл 665 отбасы қоныс аударады деп жоспарлануда», – деді Мұхит Отаршиев.

Бүгінде Үкімет тарапынан қоныс аударушыларға жағдай жасау үшін заңнамаларға өзгерістер енгізілген. Атап айтқанда, солтүстік аймақтарға көшу үшін отбасының әрбір мүшесіне 84175 теңге мөлшерінде қаржылай көмек беріледі. Бір жыл бойы үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін 72150 теңгеге дейін қаржы төленеді. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орнын ашып, 5 қоныс аударушыны 3 жыл мерзімге тұрақты жұмыспен қамтыған азаматқа әрбір жұмыскер үшін 1082250 теңге субсидия қаралған.

 Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *