Басты бет > Саясат > “АҚ КЕРУЕН-2017” МАҚТА ТЕРІМІ

“АҚ КЕРУЕН-2017” МАҚТА ТЕРІМІ

 

Мақтарал ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Мақтарал ауданына БАҚ өкілдерінің ақпараттық туры ұйымдастырылды.

Ауданда 94 мың гектардан аса жерге мақта шиті себілген. Орташа есеппен гектарынан 21-24 центнерден өнім алу көзделіп отыр. Мақтаның бағасы анықталып, ең алғаш болып “Мырзакент” мақта зауыты ақ алттының тоннасын 165 мың теңгеден белгіледі. Кейбір зауыт басшылары 170 мың теңгеден қабылдайтындығын айтып отыр. Бәсекелестік ортада мақтаның бағасы 200 мың теңгеге дейін көтеріледі деген болжам бар.

Бүгінде  мақта қабылдау бекеттеріне 15 мың тоннадан астам ақ алтын келіп түскен болса, диқандар терім біткенше 200 мың тонна ақ ұлпа жинап алуды жоспарлауда. Бұл туралы аудан әкімі Ғ.Исмаилов “Ақ керуен-2017” салтанатты жиынында атап өтті.

БАҚ өкілдері Қазыбек би ауылдық округінде орналасқан “Береке-мақта” ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінде болды. 2016 жылы құрылған кооперативтің 6832 гектар жері бар. Оның ішінде 5740 гектар мақта, 660 гектар бақша, 2 гектар көкөніс, 40 гектар жаңа жоңышқа, 150 гектар ескі жоңышқа, 229 гектар дәндік жүгері, 11 гектар сүрлемдік жүгері егілген.

Жалпы саны 188 дана техникасы бар кооператив “Оңтүстік” аймақтың инвестициялар орталығынан 2016 жыл 25 миллион теңге несие алса, 2017 жылы 100 миллион теңге алған. Алынған несиеге мақта теретін комбайндар, тракторлар, тіркемелер, автограйдерлер, культиваторлар, дәнсепкіштер, арнайы агрегаттар т.б. техникалар алған. Бүгінде заманауи техникалардың арқасында егістіктен алынатын өнімді еселеп көбейтіп отырған кооператив мақта терім науқанын бастап жіберген.

«Мырзакент» мақта тазалау зауыты» ЖШС-ің инвестициялық жобасы 2013 жылы өңірлік үйлестіру кеңесінде (ӨҮК) мақұлданып индустриалды картаға еңгізілген. Аталмыш жоба «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2014 жылы іске қосылған.

Зауыттың жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайды. 120 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Өндіріс ошағында жоғары технологиялық құрал-жабдықтары АҚШ-тың «Люмус Корпорайшн» компаниясынан сатып алынып, монтаждалған.

Өндірістік құаттылығы 60 мың тоннаны құрайды. Қолданыстағы мақта зауыттарымен салыстырғанда бұл өндірістің еңбек өнімділігі 30 пайызға жоғары. Атап айтқанда, талшықтың шығуы 30 пайызға артық әрі сапасы жоғары, электр қуатының шығыны 25-30 пайызға үнемделеді және мақтаны өңдеу мерзімі 30 пайызға қысқарған. Жобада пайдаланылған инновациялық технологиялар ТМД елдерінде теңдесі жоқ өндіріс болып табылады.

Сағындық ЖАНЫСБАЕВТЫҢ репортажы

Медиаон ақпарат

 Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі көмегімен

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.