Басты бет > Білім > Алғашқы тәжірибе ! «Көш жүре түзеледі «

Алғашқы тәжірибе ! «Көш жүре түзеледі «

Пандемия жағдайында білім беру
COVID -19 коронавирис инфекциясының өте қарқынды таралуының нәтижесінде адамзат қауіпсіздігіне зор қатер төнді. Тілсіз жауды ауыздықтау үшін бұрын болып көрмеген шаралар қолға алынды. Бұл қатерлі індетті пандемия деп жариялағаннан кейін, көптген мемлекеттерде ауырудың таралуын болдырмау үшін төтенше жағдай жарияланды. Президент Қ. К. Тоқаев төтенше жағдайда халыққа жолдаған сөзінде: «Еліміздің ең үлкен байлығы – адам мен оның өмірі болғандықтан, әрбір адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені, ұлт денсаулығы – мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі»,- деп атап өткен еді. Елдегі барлық экономикалық-әлеуметтік, білім-ғылым, денсаулықты сақтау салалары карантин жағдайына бейімделе бастады. Карантин жағдайында ел экономикасында болуы мүмкін дағдарыстың алдын алу үшін көптген іс-шаралар қолға алынды. Білім және ғылым министрлігі Қазақстандағы білім беру ұйымдарында қашықтан оқытуды ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстарының тетіктері мен құжаттар пакетін әзірледі. «Еларна» және «Балапан» телеарналарында TV-сабақтар арқылы қашықтан оқытуды жүзеге асырылып, Bilimland, Kyndelik.kz, Daryn.Online.kz, Online Mektep, WhatsApp мессенджерлер мен платформаларын қолдана отырып, мектептегі ұстаздардың өздері дайындаған бейнесабақтарымен оқу процесі жүргізіліп келеді.
Шымкент қаласы білім басқармасы қашықтан оқытуды ұйымдастыру іс-шараларын Білім және ғылым министрлігі белгілеген қашықтан оқытуды ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстары құжаттары негізінде талаптарға сай амалға асырып келеді. Қашықтан оқуды сапалы ұйымдастыру үшін білім басқармасы басшысы Тәжиева Жанат Арысбекқызы мектеп директорлары және ата-аналармен ZOOM арқылы онлайн семинарлар мен кеңестер өткізіп, орын алған кемшіліктерді дер кезінде жөндеуге өз нұсқауларын беріп, оқу үрдісінің дұрыс бағытта жүргізілуіне жағдай жасап келеді. Бұндай онлайн кездесулер ата-аналар, мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары және қала мектептері ұжымымен жеке-жеке ұйымдастырылып, бүгінгі күнде мұндай онлайн кездесулер дәстүрге айналып, Жанат Арысбекқызың қашықтан оқытуды жүргізу жұмысының басы-қасында болуы қалыпты жағдайға айналды. А.Ш. Орынбеков басшылығындағы №90 жалпы білім беретін орта мектепте де осы орайда айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Жалпы қашықтан оқыту елімізде алғашқы тәжірибе болғандықтан қиыншылықтар болғанын да айта кету жөн. Дегенмен, «көш жүре түзеледі» демекші, мектеп әкімшілігі мен ұжымының үйлесімді жұмысының нәтижесінде оқу үрдісі дұрыс жолға қойылды. Мектеп ұжымының онлайн өткізген әдістемелік кеңестері мен вебинарлары білім беруді ұйымдастыруда өз септігін тигізді. Мектеп директоры А.Ш. Орынбековтің қашықтан оқытуды ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстарының талаптарын басшылыққа ала отырып жасаған «№90 жалпы орта білім беретін мектебінің педагогтеріне қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін арналған ұсынымдары» қашықтан оқыту жұмыстарында барынша өз көмегін тигізді.
Мектебіміздің кейбір оқушыларының әлеуметтік жағдайы қашықтан оқытуда қиындықтар тудырды. Оларға мектептегі компьютерлер уақытша қолданысқа таратылып берілді. Сонымен бірге, теледидары жоқ отбасылардың да мәселесі оң шешімін тапты.
Қашықтан оқыту ұстаздан педагогикалық шеберлігімен қоса компьютерлік сауаттылықты да талап ететіні анық. Осы орайда, компьтерлік технологияларды қолдануда, ұстаздарда аздап қиындықтар тудырғаны жасырын емес. Бұл кедергілерді еңсеру үшін мектебіміздің информатика пәні мұғалімдері ұстаздарға онлайн кеңестерін беріп отырады. Ұстаздар карантин жағдайында қашықтан оқытуда оқушыларға барынша сапалы білім беруде аянып қалмасы анық. Бірақ компьютерлік технологияларды, мессенджерлер мен платформаларды кәсіби деңгейде қолдана алмау бұл бағытта біршама қолбайлау болып тұрғаны ақиқат. Сондықтан ұстаздардың компьютерлік технологияларды қолдану сауаттылығы мен шеберлігін арттыру қажеттілігі туындап отыр. Бұл мәселе республика көлемінде ұстаздарымызды жаппай, қысқа мерзімде компьютерлік технологияларды қашықтан оқыту талаптарына сай қолдана білуге оқыту талабын күн тәртібіне қойып отыр. Дегенмен, қашықтан оқу ұстаздардың да, оқушылардың да бұл салада сауаттылықтарын айтарлықтай арттырғанын да айта кету керек. Себебі оған қажеттілік туындап отыр. Ұстаздар өзіндік іздену мен әріптестерімен онлайн тәжірибе алмасудың нәтижесінде бұл бағытта жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Айтарлықтай өткір мәселе болмаса да, бірақ жүйелеуді қажет ететін тағы бір жағдай, ол – уақыт мәселесі. Мектепте оқу мақсатына сай сабақта берілген тапсырмаларды орындау үшін, негізінде, орындау уақыты шектелмейді, бұл оқушылардың әлеуметтік жағдайлары мен психологиялық жай-күйіне кері әсер тигізбеу үшін жасалады. Сондықтан оқушылар өз жұмыстарын күн барысында, кейде кешкі уақытта жолдап жатады. Әрине, уақытты ұтымды пайдалану, оған өз шәкірттерін үйрету ұстаздың педагогтік шеберлігіне байланысты. Дегенмен, қашықтан оқытуда бұл мәселені бір қалыпқа салып жүйелеу қажеттілігі туындап отыр. Жаңартылған білім мазмұнында топтық, жұптық жұмыстар оқушының білімін ғана емес, оның өз сыныптастарымен тілдік қарым-қатынасқа түсу арқылы сөйлеу мәдениетіне үйрену, бір-біріне құрметпен қарау, екінші жақтың пікірін тыңдау, сол арқылы салыстыру, қорытынды шығару, дұрыс-бұрысын ажырата білу т.б. осы сияқты көптеген қасиеттерді қалыптастырады. Қашықтан оқытуда да топтық немесе жұптық жұмыстарын ұйымдастыруға болады, бірақ кеңістік алшақтығы, кейде интернеттің баяу жұмысы ойдағыдай мақсатқа жетуге кедергі болады. Сондықтан мектеп жағдайында білім алудың қашықтан оқытудан артықшылығы айтпаса да түсінікті.
Бүгінгі күнде білім беруді барынша мектеп жағдайына жақындату жолын қарастыру, оған қол жеткізу жолдарын қарастыру керек. Егер педагогиканың озық технологиялары мен цифрлық технологияларды бір-бірімен жарасымды үйлестіре білсек, оларды қолдануда педагогикалық шеберлікті қажетті деңгейге жеткізе алсақ, білім беру саласы қандай да болмасын бәсекеге немесе әртүрлі апаттардан келіп шығатын (бүгінгі таңдағы пандемия сияқты) кедергілерге төтеп беретіні сөзсіз.

№90 жалпы орта білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қошқаров Жүсіпхан Аманқұлұлы