Басты бет > Саясат > Алик Шпекбаев: «Шымкент ең креативті қала»

Алик Шпекбаев: «Шымкент ең креативті қала»

Бүгін Шымкентке жұмыс сапарымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев келді.


Жұмысшы топқа қала әкімі Ғ.Әбдірахымов кәсіпкерлік саласында мемлекеттік қызметтер көрсетіп отырған «Бизес супермаркет» пен «E-Commerce Center» электронды коммерция орталықтарының және әкімдік ғимаратының бірінші қабатынан ашылған «Ашық әкімдік» орталығының жұмысымен таныстырды.
Әкім таныстыру барысында аталған орталықтар арқылы мемлекеттік қызмет саласын уақыт талабына сай жетілдіріп, басқару жүйесінің тиімділігін арттыру көзделгенін атап өтті.
Қызметтерді цифрландыру – сыбайлас жемқорлық көріністерін алдын алудың негізгі көмекшісі екенін айтқан Агенттік Төрағасы әкімдік бастамаларын қолдап, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасары Д.Жумин жұмысшы топқа экспримент жүзінде енгізілген басқару жүйесі бойынша атқарылған екі айлық жұмысын баяндады. Өз сөзінде Алик Шпекбаев мемлекеттік қызметтерді алудың қолайлы жағдайы жасалып жатқан əкімдіктің осынау бастамаларын ауқымды жұмыстарға балап, мұны сыбайлас жемқорлықтан таза қоғамның ең басты құндылықтарына жатқызды. Сондай-ақ, ол Шымкенттің ең креативті қала екенін атап өтті.
Агенттік Төрағасы бастаған жұмысшы топ осы күні Шымкент қаласының активімен кездесті. Қала басшысы Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен жиында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша елімізде жүзеге асырылып жатқан саясат пен азаматтардың қажеттілігіне бағытталған мемлекеттік аппараттың алдағы перспективасы туралы сөз қозғалды.
Жиын барысында Алик Шпекбаев үздік компанияларда жұмыс тәжірибесі бар немесе жетекші әлемдік университеттердің ғылыми дәрежесі бар жоғары білікті азаматтарды мемлекеттік қызметке қабылдаудың оңтайландырылған механизмі енгізіліп жатқанын мәлім етті.
Сондай-ақ, ол кадрлық қамтамасыз ету мәселелерінде жеделдікті арттыру үшін ішкі конкурстар бір конкурсқа біріктірілетін және жаңа жалақы жүйесін кеңейту бойынша жұмыстар жалғасатынын жеткізді.