Басты бет > Білім > Алаш идеяларының жаңғыруы ниет пен жүректе

Алаш идеяларының жаңғыруы ниет пен жүректе

 

Алаш қозғалысының басында болған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Міржақып Дулатұлылар сол кездері қырықтан енді асқан, ақыл тоқтатқан әрі өздерінен кейінгі толқын ізбасарларына Алаш идеясының өміршеңдігі ұрпақтар жалғастығында екенін ұғындырмаққа ұмтылған. Мұны түсінген Алаш идеясының баянды болуына Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаевтар Алаш қозғалысы құрылған тұстарда жастары бірі жиырма төртке, екіншісі жиырма сегізге енді келген шағы. Солайша бірінің атынан бірі болып, алашшыл жастар ағалар ісін-күрес жолын таңдап, жалғастырды. Алаш толқыны тоқтамады, идясы Смағұл Сәдуақасұлы бастаған топпен үйлесті. Ол Алаш орданың мақсат-мұратын замандастарына дұрыс түсіндіріп, оларды үлгі етіп, «Жас азамат» ұйымын құрады. Одан өзге «Бірлік», «Жас қазақ» ұйымдары қазақ жастарын біріктірсе, «Жас азамат» қазақ жастарының өміріне жаңа тыныс әкеліп, Алаш идеясының төңірегіне топтасуға жол ашты. Бұл осыдан бір ғасыр бұрын болған жағдай.

Бүгінгі күнге ауыссақ, сөзсіз міне Алаштықтардың ізбасары деп көрсете қоятын ұйым не жас қайраткерлер бар деп айта алмаспыз, бірақ қоғам тарапынан акедемиялық, зиялы орталарда, баспа беттерінде ара-кідік болса да айтылып, іспен көрсетіп келе жатқан әрекеттер бар. Өйткені кешегі Алаш идеясы орындалды. Ізбасары тұтас мемлекет.

Заманына қарай жаңа талаптар болғандықтан, бүгінгі Алаш идеясы да түрленді. Ия жастарымыз сауатсыз емес, білімсіз емес, әлемдік деңгейде озық оқуды да меңгеруде. Десе де, Әлекеңнің мына сөздері әлі де өзекті. «Елге қызмет білімнен емес, мінезден». Анау фашистік Германия 1945 жылы жермен-жексен бола тұра, қайта оншақты жылда түлеп аяққа тұруына не себепші болды десек, ол сол Әлекең айтқан мінез екен, ұлттық қасиеті.

Егер әрбір саладан расында толағай жетістіктерге жетеміз десек, білім мен қабілеттен де маңызды, бұл мінез жетпей жатады. Оны күнделікті спорттан, ғылымнан, нарықтан көріп жүрміз. Мінез еңбектенуге итермелейді. Хакім Абайдың үш арсызынан арылған кезде ғана, күлкі, ұйқы, тамақтан ада болу. Яғни қазіргі кей жастардың тамағы тоқтық, көйлегі көктік, уайымы жоқтықтың салдарынан жеңіл жолмен табысқа қол жеткіземін деген пиғылына осы мінез жетіспейтін сияқты.

Екіншіден, мінез қоғамда көрініс таппауы, оны ұрда-соқтық мінезбен шатыстыруы мүмкін. Бірақ бұл әсте ол мінез емес. Бұл қоғамдық мінез. Қайсы-бір алашшыл қайраткерді алмайық, әр салаға бас сұғып, өз пікірімен ізденіс жұмыстарымен танылды. Барлық ғылымның саласының отандық үлгісін жасақтай отырып, қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласты. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі жастарда осы қоғамдық мінез бар ма деген заңды сауал туады?! Егер адам жан-жақты өзін сынап қарамаса, ол дамымайды деген психология ғылымы осыдан екі ғасыр бұрын теориясын беріп кеткен. Бүгіндері ғылымға бойлап, теорияны да білетін, көркемөнерді де талқылап, публицистикалық мақаланы, әдеби жанрдағы шығарманы жазып жүрген жас болса, нағыз алаш ізбасары деуші едік. Ең өкініштісі, жастардың арасынан осы қоғамдық мінезбен қоғам қайраткер атанғаны шамалы.

Көп жастың арман-мұраты не лауазыммен, не дүниемен, не арзан атақпен шұғылдануға әуес. Бірақ Елбасымыздың өзі әуелі интеллектіні күшейтетін білімді өмір-бойы оқы, кітапқа әуестен, еңбекпен абырой жина демеуші ма еді…

Сондықтан, Алаш идеясының бүгінгі формасын алсақ, азаматтық қасиетті күшейтетін ұлттық мұрасын игеру бүгінгі ұрпақтың парызы деп түсінуіміз абзал. Сөздерінде жалын бар, жаннан қымбат оларға ар, деген Мағжанның сөздері осының айғағы. Егер осылай пайымдасақ, бұл ар-мінез, адами қасиеттік құндылықтар жастардың жүректерінде орын алатын дүние.

Сондықтан кейде көп конференцияларда, дөңгелек үстелдерде осындай Алаш мұралары айтылатын орталарда жастардың аз болуы қынжылтады. Өйткені бұл тәрбиелік мәселе. Оны саудасын жасауға енді аяқ басқан жастарға бермегенде, кімге береміз? Сөзсіз, көп іс-шара науқаншылдықпен жалғасқан деушілер де бар. Алайда, Семейдегі кешегі Әлихан Бөкейханға қойған ескерткіш неге тұрады. Ол үлкен азаматтық-идеологияның маңызы зор символ. Әрбір ескерткіштің алып келер визуалдық ақпараты, қоғамдық ой әсері болмақ. Егер оның тарихи маңызы жойылса, еліміздің заңымен сырылып кетеді. Ал кешегі Алаш астанасында Алашорда көсеміне қойылған тасмүсін жақсылықтың жаршысы іспеттес. Игі істер ұзағынан сүйіндірсін деп қуанайық.

Тағы бір қуантарлық жаңалықтардан, қоғамдық ұйымдардың жұмыстары. Бұл ретте, Әділет құқық қорғау қоғамын, Қайым Мұхамедхан қорларының, саяси партиялардың жұмыстары тәуелсіздік жылдарынан бері түрлі қоғамдық-саяси, құқықтық-заңнамалық салада нәтижелі істерімен көрінуде. Мүшайралар, эсселік байқаулар, көше, ауыл, мектеп атауларын беру, құнды кітаптарды, деректі фильмдерді шығаруда айтарлықтай қажырлы еңбектерін айтуымыз керек. Әрине, биылғы Алашорданың құрылуына қатысты 100 жылдығын атап өтуде мемлекеттік деңгейде ерекше назар аударылып, биік мінберлерде кеше Алаш көсемдерінің ұлағатты сөздері мен істері жиі айтылып, арнайы бағдарламаларға енгізілуде. Құптарлық мәселе, лайым солай болғай.

Дегенмен, бәлкім, «Алаш» ағасы Ахаңдардың «Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын, ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деген даналы сөздерінің өміршеңдігінен, Алаш идеясының жадымызда қалуының бір нышаны әлі де сақталған болар, тек үрлеп лапылдатып жандыру үлкен ізгі ниетте…

Мақсат Жақау,

Аймақтану ғылымының магистранты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.