Басты бет > Хабар > АЙ-ҒАСЫР ДАУЫ БАСТАЛҒАЛЫ ҚАЙ ҒАСЫР

АЙ-ҒАСЫР ДАУЫ БАСТАЛҒАЛЫ ҚАЙ ҒАСЫР

ҚР Жоғарғы Сотының пәрменімен, табаны күректей 15 жылға созылған, “Ай-Ғасыр” қонақ үй дауы қайта қаралып, жаңа жыл қарсаңында аудандық сотымыз сол қонақ үйге қатысты заңсыз шыққан 2003-ші және 2004-ші жылғы сот шешімдерінің күшін жойып, менің сонша уақыттан бері тапталған құқым қалпына келді! Осы күнге дейін “Ай-Ғасыр дауына қай ғасырда нүкте қойылады….” деген тақырыппен талай бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып келген, ғасырлардың тоғысқан кезінде пайда болған, әйгілі “Ай-Ғасыр” қонақ үйі дауының неден басталып, қалай өрбіп, немен аяқталатынын, енді өзіміздің газеттен әңгімелеп беруді жөн көрдім.

Еліміз егемендікке қол жеткізгеннен кейінгі өтпелі қиын замандар артта қалып, халықтың тұрмыс жағдайы әжептеуір түзеле бастаған 1999 жыл болатын. Адамдар денсаулығына көңіл бөліп, сарыағаштың шипалы суынан келіп ем қабылдаушылардың саны жылдан-жылға арта бастаған. Халықтың сұранысын жіті бақылап, пайда көзін қалт жібермей танитын қалталы азаматтар, “курорт Сарыағаштың” территориясынан жер алып, шипажай, қонақ үй, тағы басқа да коммерциялық нысандар сала бастады. “Курорт” деп отырғаным, негізі, Сарыағаш ауданындағы Көктерек кенті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жыл сайын келіп шипалы суымыздан ем алып кетіп жатқан халық оны “курорт” деп атап кеткен. Сол 1999 жылы, Көктерегіміздің сол кездегі әкімі Хатира Шырынбековаға барып, “курортқа” кіре берістегі жолайрықта жатқан 6 соттық жерді сұрадым. Ол жерді, “шіркін-ай, курортқа кіріп келе жатқанда ең бірінші менің үйім тұрса екен!” деген арманмен, өзім көптен көздеп жүретінмін! Әкім Хатира Шырынбекова алдында “анау-мынау” деп қашқақтатқанымен, кейінірек “үй құрылысын салуға” деп, сол 6 соттық жерге маған шешім шығарып берген!

Қыстың бір күні “курортқа” ем алуға, Алматы қаласынан ішкі істер министрлігінің басқарма басшылығында “дөкей” қызмет атқаратын, полковник Сейілханов Айдар мен әйелі (Әлдібаева) Альдибаева Айгүл келді. Полковник Сейілханов Айдар, менің осы “курортта” тұратын, жездем (қазіргі таңда марқұм болып кеткен) Исахов Кәрімбайдың студенттік кездегі досы еді. Кәрімбай мен Айдар институтта бір бөлмеде жатып оқыған, кейін үйлі-баранды болғанда да жанұяларымен 25 жыл араласқан, айырылмас достар болатын. Алматылық Айдар мен Айгүл, әңгіме арасында менің “курортқа” кіре берістегі жолайрықтан бизнеске өте қолайлы жер алғанымды естіп, “сол жерге бірігіп қонақ үй салып, пайдасын көрейік, Амангелдіні көндіріңдер” деп, апам мен жездеме жата жабысады. Ал мен ол кезде минералды су құятын “Әсем-ай” зауытының өнімін Қызылорда қаласында сатып, коммерциямен айналысып жүргем. Жездем мен апам “тез курортқа жет, тосын сый бар” дегесін, қыстың қаһарына қарамай, Қызылордадан түнделетіп ауылға шауып келдім. Ертесіне жездем мен апамның үйінде полковник Айдар мен Айгүлдің қонақ үй салу жайлы жасаған ұсынысын естіп, қуана-қуана келісімімді бердім. Ауызша болса да келісім сәтті аяқталғасын, полковник Айдар мен әйелі Айгүл, апам Ұмсынай мен жездем Кәрімбай бесеуміз болашақта салынатын қонақ үйді көз алдымызға елестетіп, армандап, арқа-жарқа болдық! Құрылысы ғасыр басында басталатын болғандықтан қонақ үйдің атын “Ғасыр” деп қоятын болып келістік. Келісім бойынша жер де, салынатын қонақ үй де, менің атыма рәсімделетін болды, өйткені полковник Айдар Сейілханов мемлекеттік қызметкер ғой! Қонақ үй құрылысын жүргізуді жездем Кәрімбай ұйымдастырып басқаратын болса, ал апам Ұмсынай мен Айгүл бүкіл кіріс-шығысты қағазға түсіріп, бақылап қадағалайтын болды. Қаржы мәселесі бойынша, жер мен қонақ үйдің құжаттарын рәсімдеуге және құрылыстың бастапқы кезіндегі шығындарды біз, ал қалғанын алматылықтар шығаратын болды.

Осылай келісілген соң, дереу “үй салам” деп алған 6 соттық жерімнің мақсатын енді “қонақ үй салуға” деп өзгерттім. Мақсаты өзгергесін, екі жағынан өтетін жол бойындағы қызыл белдеулерге түсетін бөліктері мемлекетке қалып, жерімнің көлемі 4,5 соттық болып кішірейіп қалды. Сосын коммерциялық нысан болғандықтан, заң бойынша енді мемлекеттен өз жерімді өзім 54 000 теңгеге қайта сатып алдым. Қысқасы “көк қағазы” бар, АПЗ-сы бар, қонақ үйдің құжаттарын толық заңды рәсімдеп жүргенімде жарты жылға жуық уақыт зыр ете қалды.

Сөйтіп 2001 жылдың наурыз айында, “курортқа” кіре берісте, қарқынды құрылыс басталды. Өзбекстанның әмбебап 30 жігіті күн-түн демей істеп, қонақ үйді бір жыл ішінде тұрғызды, 2002 жылдың қаңтар айында шатыры толық жабылған 2 қабатты ғимарат бой түзеп тұра қалды. Ұтымды жерге салынған ғимарат, көрген адамның көзінің жауын алатындай әдемі болып шықты! Сарыағаш шипажайына дем алуға келген сол кездегі мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбай бір күні машинасымен өтіп бара жатып арнайы тоқтап, “осы қонақ үйдің ашылу салтанатына мені шақырыңдаршы” деп тілек білдіреді. Елбасынан кейінгі екінші адамның тілегін естігендегі біздің қуанышымызды сөзбен жеткізу мүмкін емес еді, төбеміз көкке сәл-ақ тимей қалды! Оны естіген алматылық Айдар мен әйелі Айгүл қуанудың орнына, керісінше түрлері өрт сөндіргендей болып, түнеріп кетті! Сөйтсек “мынадай ғимаратты қайдағы сарыағаштағы біреумен қалай бөлісеміз?” деген арам ой екеуін де жегідей жеп, іштерін қара мысық тырнап жатыр екен ғой!

Сәуір айына қарай, қонақ үйдің әрлеу жұмыстары ғана қалып, ішіндегі бір бөлмесі адам тұратындай болғанда, Айгүл Альдибаева Алматыдан келе-сала аяқ астынан ұрыс шығарады. Құрылыстың басы-қасында жүрген жездем мен апам, Айгүлдің негізсіз айқайына ренжіп, қонақ үйді сол күні тастап, үйлеріне кетіп қалады. Айгүл қонақ үйдің ішіндегі әлгі біткен бөлмеге орналасып алып, енді құрылысты әрі қарай өзі басқара бастайды. Айгүл мен апамның арасындағы кикілжіңді мен Қызылордада естіп, ештеңеге түсінбей ауылға қайта шауып келем. “Қонақ үй бітіп қалғанда не болды сіздерге?” деп апамнан сұрасам, апам “Айгүлден барып сұра” дейді. Қонақ үйге ауысып алған Айгүлге барсам, “қирап қалған ештеңе жоқ, құрылысты әрі қарай өзім жүргізейін, біткесін келісім бойынша кілтті өздеріңе тапсырам ғой” деп арқамнан қағып шығарып салды. “Е, қирап қалған ештеңе жоқ екен ғой” деп мен кеттім. Сөйтсем Айгүл мен күйеуі Айдар қонақ үйді өздерінің атына рәсімдеудің жолына түскен екен. Ал ондай жол екеу-ақ, біріншісі – біздің үлесімізді беріп қонақ үйді өздерінің атына заңды рәсімдеу, ал екіншісі – қылмыстық жолмен жалған құжат жасап, қонақ үйді менен тартып ала салу. Түкірген түкірігі жерге түспей тұрған “дөкей” күйеуінің мансабы мен ақшасына сенген Айгүл Альдибаева, қонақ үйді қылмыстық жолмен өзіне рәсімдетіп, менен тартып алуды таңдайды.

Қыркүйек айында қонақ үйіміздің құрылысы толық бітіп, ашылу салтанаты презентациясына, Астанадан спикер Жармахан Тұяқбай келеді. Презентацияға біз де барған едік, Айгүл Альдибаева қарауылдарына айтып, не жездемді, не апамды, не мені қонақ үй ауласына кіргізбей, есік алдынан қайтартып жіберді! “Спикер Жармахан Тұяқбайдың өзімен дастархандас болатын болдық” деген тәтті арманымыз күл болып, көкке ұшты! Сөйтсек, құдайдан қорықпаған, қонақ үйіміздің құжаттарының барлығын өз атына “қанттай қылып” рәсімдеп алып үлгерген екен. Жаз айында, маған білдірмей, Альдибаева Айгүл Көктерек посёлкесінің әкімі Шырынбекова Хатира мен

Бауыржан Асқарбеков деген жерге орналастырушы инженердің ауыздарын жақсылап майлаған екен. Айгүл мен парақор күйеуі Айдардың арам ақшасына құрдай жорғалаған әкім мен инженер, әшейінде айлап рәсімделетін құжаттарды, бір айдың ішінде, апай-топай, бітіріп беріпті. “Маған 25 орындық қонақ үй салу үшін жер беруіңізді сұраймын” деп 13-ші шілде күні жазып әкелген Альдибаева Айгүлдің арызына әкім Хатира Шырынбекова, дәл сол 13-ші шілде күні, менің 4,5 соттық жерім әрең сиған жолайырықтан, ойып тұрып 13 соттық жер шығарып берген ғой! Не деген жомарттық, не деген космостық жылдамдық! Жерге орналастырушы инженер Бауыржан Асқарбеков болса, менің жерімнің координаттары жазылған құжаттағы цифрлардың үстіне, ақ қағазды желіммен жапсырып, оған Альдибаева Айгүлдің жерінің цифрларын тұрпайы түрде енгізіп, мемлекеттік акт жасап берген. Нәтижесінде 2 жыл бұрын менің жеріме салынған қонақ үйіміз, менен 2 жылдан кейін алған Альдибаева Айгүлдің жерінде тұрғызылған болып шыға келген. Ал менің 4,5 соттық жерім жылжып, айдалаға шығып кеткен. Не құдайдан, не заңнан қорықпаған әкім Хатира Шырынбекова мен инженер Бауыржан Асқарбековтің қылмыстық әрекеттерінің салдарынан Альдибаева Айгүл жерімді алды, қонақ үйді алды, одан қалса өзімді осынша басынды! Бұдан өткен қорлық бар ма?!

Әділдікті соттан іздеп, 2003 жылдың басында, өмірімде бірінші рет, Сарыағаш аудандық сотына талап-арыз жаздым. Талап-арызымда, “Көктерек поселке әкімінің, менің жерімнің үстінен Альдибаева Айгүлге 13 соттық жер шығарып берген, 2002 жылдың 13-ші шілде күнгі №31 санды шешімін заңсыз” деп табуды сұрадым. Жазған басым, сотты кинодағыдай көріп жүрмін-ау! Сөйтсем не құдайдан, не заңнан қорықпай, “Қазақстан Республикасының атынан” деп заңсыз шешім шығара алатын судьялар мен заңдылықты қадағалаудың орнына өздері бұрмалайтын “қой терісін жамылған қасқыр” сияқты прокурорлар болады екен! Талап-арызым сондай судьяның бірі, өңіріміздегі әділетсіз судьяның бірегейі Сапарәлі Абылаевтың өндірісіне түседі! Судья Сапарәлі Абылаев 2003 жылдың 25 маусымындағы шешімімен, “Батырбеков Амангелді мен Айгүл Альдибаеваға берілген жерлер бір-бірінің үстіне түспей екі бөлек жатыр, сондықтан олардың арасында жер дауы болу мүмкін емес” деп, менің талап-арызымды қанағаттандырусыз қалдырады. Сөйтіп бірігіп салған қонақ үйіміз Айдар мен Айгүлдікі болып шыға келді. “Ғасыр” деген атына Айгүл мен күйеуі Айдардың аттарының алдыңғы “Ай” деген екі әрпі қосылып, қонақ үй “Ай-Ғасыр” атанады! Әйгілі “Ай-Ғасыр” дауы осылай басталған еді!

Келесі 2004 жылы, заңды мүлдем түсінбейтіндігімнен және министрлікте отырған полковник Айдар Сейілхановтың күшті ықпалының салдарынан, судья Сапарәлі Абылаевтың шешімі заңды күшіне еніп кетеді. Шешім заңды күшіне енгесін, Альдибаева Айгүлдің ақшасына есірген әкім Шырынбекова Хатира азаматша ретінде бір адвокат жалдайды. Сөйтіп сол адвокатына “Батырбеков Амангелдіге білмей 2 жер беріп жіберіппін, ол коммерциялық мақсатта алған жерін мемлекеттен сатып алмаған және жеріне 3 жылдай құрылыс жүргізбеген” деп менің үстімнен аудандық прокуратураға не арыз екені белгісіз, не өтініш екені белгісіз “бір нәрсе” жазғызады. Сол “бір нәрсенің” негізінде аудан прокуроры Бабишов Айдархан тексеру жүргізуге тапсырма береді. Тексеруді жүргізуге келген аудан прокурорының көмекшісі Қилыбаев Әбдімәлікке әкім маған ешқандайда 2 жер бермегенін дәлелдеп бақтым. Яғни бірінші рет маған үй салуға деп берген 6 соттық жері, кейін мақсаты қонақ үй салуға деп өзгеріп, 4,5 соттық жерге айналғанын растайтын құжаттарды көрсетіп, көшірмесін бердім. Сосын қонақ үй құрылысын, 4,5 соттық жерімді алысымен 3 ай өтпей-ақ бастап жібергенімді растайтын құжаттар мен фотоларды бердім. Үшіншісі, 4,5 соттық жерімді мемлекеттен 54 000 теңгеге сатып алған түбіртегімнің көшірмесін ұсындым. Алайда аудан прокуроры Бабишов Айдархан, бәрі-бір менің 4,5 соттық жеріме деген меншік құқымды жоюды сұрап, сотқа заңсыз талап-арыз түсіреді. Заңсыз дейтінім, прокурор сотқа талап арызбен, ҚР Бас прокурорының бұйрығының қатаң талабына сай, өзін-өзі қорғай алмайтын мүгедек келіп шағымданса ғана сол бейшараның мүддесін қорғап шығу керек! Қалған жағдайда прокурор сотқа тек мемлекеттің мүддесін қорғап қана талап-арызбен шығуы тиіс! Ал енді денсаулығы ұрып тұрған, әмияны өте қалың, Айгүл Альдибаева сияқты кәсіпкерге мен сияқты қалтасы қалың емес екінші кәсіпкердің жерін тартып алып беру үшін сотқа талап-арызбен шыққан прокурор Бабишов Айдарханды “құдайдан не заңнан қорқады” дегенге кім сенеді?

Сонымен прокурор Бабишов Айдарханның талап-арызы Нұржан Жұмабаев деген сарыағаштық екінші бір судьяның өндірісіне түседі. Судья Нұржан Жұмабаевтың не құдайдан, не заңнан қорықпайтындығы соншалық, 2004 жылғы 31 тамыздағы шешімінде ешқашан болмаған сотты болды деп, сөйлемеген адамдарды сөйледі деп, менің 4,5 соттық жеріме деген меншік құқымды жойып, прокурор Айдархан Бабишовтың заңсыз талап-арызын қанағаттандырып береді. Жерімнен айырылғанымды сот шешімі поштамен үйге келгенде бір-ақ біліп, 3 күндей ұйықтай алмадым!

Келесі 2005 жылы, сол кездегі заңға шорқақтығымнан және Айгүлдің “дөкей” күйеуі Айдардың күшті ықпалынан судья Нұржан Жұмабаевтың да шешімі заңды күшіне еніп кетті. Шешім заңды күшіне енгесін, әкім Хатира Шырынбекова енді аудандық жер-кадастр филиалының Ержан Хұсанбаев деген технигімен сыбайласып, менің егесіз қалған 4,5 соттық жерімді де шешім шығарып, Альдибаева Айгүлге түбегейлі рәсімдеп береді.

Соттардан күдерімді толық үзген мен, енді Елбасының тікелей өзіне жаза бастадым, 2004 жылмен 2006 жылдың аралығында Айгүл Альдибаеваның министрліктегі парақор күйеуі туралы Елбасыға 5 рет хат жолдаппын! Президент әкімшілігіндегілер “неге мына шенеуніктің үстінен қайта-қайта арыз түсе береді, осыны жан-жақты тексеру қажет?!” деп, менің жазғандарымды Бас прокуратура мен Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне жолдайды. Бас прокуратура мен ҰҚК-нен арнайы топ құрылып, бақандай 6 ай торуылдап жүріп, 2006 жылдың жазында, Сейілханов Айдарды өз кабинетінде 100 000 АҚШ долларымен пара алып жатқан жерінде құрықтайды. Сол күні менімен хабарласып, мені Алматыға шақырады. Алматыда арнайы топтың басшылары, “Ай-Ғасыр” қонақ үйіне қатысты мәліметті біліп, Сарыағаш аудандық сотының 2003-ші 2004-ші жылғы заңды күшіне еніп кеткен шешімдерін, жаңадан анықталған мән жайлармен бұздыруға болатынын маған тәптіштеп түсіндіріп, қудалау органына шағым түсіруіме кеңес береді.

Бір жылдан соң, парақор Сейілханов Айдар 12 жылға сотталып, үкім 2008 жылы заңды күшіне енді. Үкім заңды күшіне енгесін, Сарыағаштағы лауазым иелерінің “Ай-Ғасыр” қонақ үйіне қатысты Айгүл Альдибаеваға жер беріп жіберген іс-әрекеттерінің қаншалықты заңды екенін тексеріп беруін сұрап, мен облыстық ішкі істер департаментіне жүгіндім. Облыстық ішкі істер департаменті ол факт бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастады. Кейін прокуратура сыбайластықтың белгілері байқалуына байланысты бұл қылмыстық істі тергеуді облыстық қаржы полициясына жолдады. Қаржы полициясы Көктерек поселке әкімі Хатира Шырынбекованың үстінен қылмыстық іс қозғады. Араға біраз уақыт сала, бірін-бірі тартқан жер-мамандары Асқарбеков Бауыржан

мен Ержан Хұсанбаевтың жалған құжат рәсімдегендері ашылды. Тергеуде олар, менің 4,5 соттық жерімде тұрғызылған “Ай-Ғасыр” қонақ үйін, менен 2 жылдан кейін алған Альдибаева Айгүлдің 13 соттық жерінің үстіне қалай жылжытып апарып, қонжитқандарын айтып берді. Үшеуіне де айып тағылып, Сарыағаш аудандық соты 2013 жылдың 30-шы қазан күні ол үшеуін соттады. Әкім Хатира Шырынбекова сот залынан қамауға алынды.

Келесі 2014-ші жылдың көктемінде үш сыбайлас сотталған үкім заңды күшіне енеді. Сөйтіп сол үкімді жаңадан анықталған мән-жай деп көрсетіп, Сарыағаш аудандық сотының 2003-ші жылғы және 2004-ші жылғы шешімдерін бұзуды сұрап, заң талабына сәйкес, сол Сарыағаш аудандық сотына қайта жүгінем. Өйткені ол екі шешім қабылданып жатқанда, әлгі үш сыбайластың “Ай-Ғасыр” қонақ үйінің астындағы менің 4,5 соттық жерімнің құжаттарына жалғандық енгізгендері әлі белгілі болмаған екен. Ол үшеуінің құжаттарға жалғандық енгізгендері үшеуі сотталып, оларға сот үкімі шығып, “ол үкім заңды күшіне енгеннен кейін белгілі болды” дейді Заң! Сонымен 2014 жылы көктемде жаңадан анықталған мән-жай бойынша жазған арызымды Сарыағаш аудандық сотының кезекті бір әділетсіз судьясы Нұргүл Лесова қарап, менің арызымды қанағаттандырмай ұйғарым қабылдап, айды аспаннан бір-ақ шығарады!

Содан, заң алдындағы жауапкершіліктен мүлдем қорықпайтын өңіріміздің әділетсіз судьялары мен прокурорларының заңсыз шешімдерінің салдарынан сергелдең тағы да үш жылға созылды. Бірақ әділдіктен үмітімді үзбедім! Бұрынғылары мейлі кетсін, өткенге салауат! Сол 2014-ші жылдан бергі әділетсіз шешім қабылдаған судьялардың саны, екінші рет қараған судья Нұржан Жұмабаевты қоспағанда, 5-еу екен және облысымыздың бұрынғы прокуроры генерал Ибраһим Иманов пен оның бірінші орынбасары болған полковник Батыржан Жәнібековті қосқанда, заңды бұрмалаған прокурорлардың да саны 5-еу екен! Менің уәждерімнің негізді екенін көріп біліп тұрып, заңды бұрмалай, әділетсіз шешім қабылдаған осы 5 судья мен 5 прокурорды “құдайдан, не заңнан қорқады” дегенге сенуге бола ма?! Енді осы судьялар мен прокурорлардың шешімдерін қабылдап жатқанда жол берген, адам жағасын ұстарлық дәлелденген заңсыздықтарын жазатын болсам, бір мақалаға симайды! Бір мақалаға симаса басқа мақала жазылар немесе әр-қайсысына бір-бір мақала арналар, менің айтпағым ол емес! Менің айтпағым, сол судьялар мен прокурорлардың көріп біле тұра заңсыздыққа жол берген сорақылықтары, бүкіл әлемге паш етіліп, өздерінің сүйектеріне мәңгі таңба болып қалмайма екен?!

Биыл 4-ші қыркүйек күні, “Ай-Ғасыр” қонақ үйінің дауымен, 15 жыл дегенде, бірінші рет Жоғарғы соттың төрағасы Қайрат Мамидің жеке қабылдауында болдым. Төраға Қайрат Мами менің сөзімді бірде-бір бөлмей, басын шайқап қойып, 20 минуттай тыңдады. “Егер соттардың мына сорақылықтары тура сен айтқандай болса, мен ол сот шешімдерін бұзғызуға ұсыныс енгіземін” деді. Сөйтіп баяғы 2003-ші және 2004-ші жылғы шешімдер мен 2013-ші жылғы үкімді шақыртып, екі ай мұқият зерделетіп, менің уәждерімнің негізді екеніне көзі толық жетіп, ұсыныс енгізді. Қараша айының соңында жоғарғы соттың кассациялық алқасы, Жоғарғы Сот төрағасның ұсынысын қанағаттандырып, істерді қайта қарауға Сарыағашқа қайтарды. Желтоқсанның 27-сі күні төрағамыз Тасболат Машрапов қайтып келген істерді өзі қарап, менің “Ай-Ғасыр” қонақ үйіне кеткен үлесіммен және сол қонақ үйдің астындағы жерімнен айырған Сарыағаш аудандық сотының судьясы Сапарәлі Абылаевтың 2003-ші жылғы шешімі мен судья Нұржан Жұмабаевтың 2004-ші жылғы шешімінің күшін бұзып, әділдіктің ақ туы көтерілді! Әділдіктен ешқашан үмітімізді үзбейік, ағайын!

P.S. Жаңа жылдың басында Сарыағаш аудандық сотында “Ай-Ғасыр” қонақ үйіне қатысты 15 жылға созылған дауға нүкте қойылады деген үміттемін. Келіп көреміз дегендерге, 9-шы және 10-шы қаңтар күнге ашық сот отырыстары тағайындалған!

Амангелді БАТЫРБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.