Басты бет > Саясат > Айтарым бар: Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ – Әзіл шыны аралас!

Айтарым бар: Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ – Әзіл шыны аралас!

Теңгенің туған күні екен ғой, құттықтап барамыз ба? — деді доллыр. — Еске алып қайтамыз ба? — деді орыстың рублі. — Неге? Ол әлі тірі ғой. — Ааа, кешір. Жарайды, барайық. Осы кезде өзбектің сомы сөзге араласты. — Мен теңгемен сөйлескем. Туған күн тойлайтындай жағдайым жоқ деп жатқан. Халі мүшкіл көрінеді.

— Сен кімсің? — деді еуро өзбектің сомына. — Мен Өзбекстанның ұлттық валютасымын. — Ммм, айып етпе, қазіргі жас валюталарды тани бермеймін. Өзбектің сомы шамданып қалды. — Мен жас бала емеспін! Сенен үлкенмін! Сом расында да еуродан үлкен еді. Бәрі топырлап, теңгенің үйіне кіріп келгенде, бұлар сасып қалды. Байғұс теңге қонақ келеді деп ойламапты да. — Келіңдер, төрлетіңдер. Қазір ғана құран оқып бітіп ем, — деді теңге. — Құран? Не үшін? — деді қонақтар. — Баяғыда бақилық болған қағаз бір теңгеліктен бастап қағаз жүз теңгелікке дейінгі бауырларымыздың құрметіне… Айта берсем тізімі көп. Бүгін солардың туған күні ғой. Құран бағыштап дегендей… — Дұрыс… — Сендер Ресейдің валютасы боласыңдар ма? — деді еуро теңгеге қарап. — Жоқ, неге олай дейсің? — Орысша жазулы тұр. — Еее, — деді мың теңгелік. — Сен мына бетімді ғана көріп тұр екенсің ғой. Міне, мына бетіме қара, қазақша жазылған, — деп екінші жағына бұрылып жатқан мың теңгелік қағаз осы кезде ғана өзінен кішілерге бұйрық берді. — Әй, неғып отырсыңдар? Тұрыңдар, қонақ күтейік. Бүгін туған күніміз. — Мен тойламаймын, — деп 20 000 теңгелік пен 10 000 теңгелік теріс айналды. — Неге? — Біз 1993 жылы жоқ едік. Яғни, бүгін менің туған күнім емес. — Ол кезде мен де жоқ едім, сонда да тойлағалы жатырмын ғой, — деді мың теңгелік. — Мен де жоқ едім, — деді 2000 теңгелік. — Мен де жоқ едім, — деді 500 теңгелік. — Мен де жоқ едім, — деді 200 теңгелік. Қағаз ақшалардан ешкім қалмай, бәрі бір шетке ысырылып кетті. — Ойбай, енді мына қонақтарды кім күтеді? — деп сары бақыр жүз теңгелік шарт ете қалды. — Сен күтесің. Сен 1993 жылы бар едің. — Жоқ! Ол кезде қағаз жүз теңгелік еді! Мен сияқты тиын емес! Қазақ банкноттарының басы бірікпей-ақ қойды. Шынымен де, 1993 жылы 15 қарашада айналымға шыққан банкноттардан ешқайсысы да қалмапты. Бәрі құнсызданып, өмірден өтіп кеткен. Ендеше несіне жетісіп туған күн тойлайды? Теңгенің туған күні солайша аталмай қалыпты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.